13.06.2022
  205


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚАНЫШ ПЕН ШОҚАН ЖАЛҒАСТЫ

Ел абызы Едіге жайлы айтқанды
Шоқан жазып,
Орысша боп хатталды.
Ақылды орыс бір ноғайға аудартқан,
Қайта туған қазақшасы сақталды.
Жас кезінде алғыр Қаныш шүйіліп,
Шорқақ тілге шыдай алмай күйініп,
Жан бітіріп,
Жаңартты да тазартты,
Өз тілінде ел оқырдай сүйініп.
Дегендей-ақ енді адасып кетпесін,
Келістірді көне,
Жаңа дестесін.
Ел көксеген көне аңыз-дастанның
Қайта оралтты шықтай таза кестесін.
Елеуіштен өткізгендей ақтады,
Ұлы ұстазға ізет,
Құрмет сақтады.
«Тасырқаған мал тұяғы секілді»
Нобайы жоқ ноғайшылық жақпады.
Ахмет мырза «сандырақтап» кеткенін,
Осып өтті білдірмей-ақ өктем үн.
Қазақтардың қадірлеген кезі екен
Татар намай сөйлеудің де мектебін.
Шоқан, Қаныш жалғасып тұр осылай,
Қос дананың қиялы бір, көші бай.
Білем деме қазағымның тарихын,
Едіге жырын Қаныш жазған оқымай.





Пікір жазу