13.06.2022
  368


Автор: Кәкімбек Салықов

АСЫЛ ҰЛЫ ҚАЗАҚТЫҢ

(Халел Досмұхамедовке)
Арнаған азат таңға жан өрісін,
Ардақты барша қазақ Халелісің.
Алашқа алтын күмбез орда салған,
Заңғайыр өнер-білім әлемісің.
Жарасқан суыт жолға ат-тұрманың,
Ар-намыс екі етпедің тапсырғанын.
Дәрігер, ғалым, ұстаз һәм қаламгер,
Айқаста артық сарбаз таптырмадың.
Ізіңмен жүріп дәріс таттық дәмін,
Көп ойлап күрсінсем де аптықпадым.
Туған ел құшағына қайта басты
Тар соқпақ,
Қилы заман лақтырғанын.
Көп сұмдық көз алдымнан сырғанайды,
Қас болып адал досын кім талайды?!
Дәлел жоқ, Халел аға, сізді айыптар,
Күн туды шер тарқайтын бірталайғы.
Алты Алаш ардагері – Халелісің,
Тұр қаулап, мәңгі көктеп бар егісің.
Елім деп еңіреп жүріп
Аңсап өттің
Қазаққа азат өмір әдемісін.
Басылмай Махамбетшіл қарқын әлі,
Қияда ақбоз атың арқырады.
Алаулап, Атырау жақтан жалауланып,
Зор тұлғаң жанартау боп жарқырады.





Пікір жазу