СЕРІЛІКТЕН БИІК ТҰРҒАН КЕМЕҢГЕР
Мұхиттарда дауыл кешкен кеме дер,
Сегіз сері –
Асқан талант, ерен ер.
Серіліктен азаматтық жолы кең,
Сол емес пе озық туған кемеңгер.
Аз уақытта мол шарықтап үлгерген,
Жүрек қылын дәл табатын сұр мерген.
Баһрам ұлы ол Мұхаммед-Қанафия,
Ақындығы, батырлығы мыңмен тең.
Сөзі сара, әні дара, асқақ-ты,
Оны жастай ұлтжандылық басқартты.
«Тентек қазақ ереуілін бұз!» – деген
Губернатор жарлығынан бас тартты.
Үздік ақын, ұлы сазгер, хас батыр,
Онда көп қой ғашықтықтан басқа сыр.
Исатай мен Махамбетке септесіп,
Сан жорықта құрды бірге ақ шатыр.
Содан кейін Сыр бойына оралды,
Дертке дауа тапқандай тез оңалды.
Төтеп беріп Хиуа, Қоқан, Ойратқа,
Өзі дербес ел қорғаны бола алды.
Қалай ғана Мақпал қызға тамсанбас,
Ғажап сол ғой атына сұлу жан салмас.
Мерт болды ол
Ойраттардың оғынан,
Сонда туды ән төресі «Гауһартас».
Кемеңгерге тіл тигізу обалы,
О, заман-ай!
Тына қойған жоқ әлі.
Керуен көшіп бара жатыр жөнімен,
Есуастардан әлдеқайда жоғары.