13.06.2022
  109


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚАРАҒАЙЛАР

Қарағайлар – мықтылық белгісіндей,
Кім түсінер оларды мен түсінбей?
Баян Жанғалов секілді біреуі тұр,
Тұрпатына қайтейін мен сүйінбей.
Нән қарағай бұтағы бірқалыпты,
Менің Естай ағамдай жұқарыпты.
Жадау күнде жан жарын еске алғандай,
Жанарында отты ұшқын тұтаныпты.
Қарағайлар қызық-ау топталғаны,
Таңырқауым көп қарап тоқталмады.
Домалақтау біреуі жүзі жылы
Ертай ағам секілді тоқсандағы.
Бір қарағай бойы ұзын етті қылаң,
Етегінен елеңдеп өтті бір аң.
Молдаш ағам сияқты елді аңсаған,
Тоқсан үште шыға алмай Алматыдан.
Нар қарағай жүзінде нұр жайнаған,
Тоқсан екіде деп ешкім айта алмаған.
Құдды Бәйкен ағамдай мығым екен,
Ел сыйлаған беделі ортаймаған.
Қарағайлар Көкшені алқалаған,
Мәңгі жасыл өздерін паң санаған.
Тұрпаттарын көргенде елестейді
Дауылпаздар заманды арқалаған.
Көкке өрлеген
Сом тұлға нән қарағай,
Қалай өтем тұлғаңа мен қарамай?
Қарағайдай қартайса ағаларым,
Көңіл толқып, тебіренем жас баладай.





Пікір жазу