13.06.2022
  179


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚОШКЕ КӨРГЕН АУЫР ТҮС

Айдаудан келіп,
Шарбақкөлде тұратын.
Роман жазды. Дәрігерлік құратын.
Байлаудағы тұлпарда жазық жоқ еді-ау,
Жығылғанға жұдырық қайта туатын.
Қызған кезі
Отыз екінші жылдың қырғыны,
Қошекең сонда түс көріпті бір күні.
Қара мұрт шал қараңғы үйді көрсетіп:
«Сен боласың, – депті, – бұл үй тұрғыны».
Үрейді алды қара түнек сұмдығы,
Тіл қата алмай,
Тірі өліктей тынды үні.
Ашылғандай аждаһаның араны,
Жұтынып тұр жалмауыздың ындыны.
Үш терезе соқырайған тұл маңдай,
Тас қараңғы қиямет-қайым бұл қандай?
Үш алпауыт тесірейіп қарайды,
Үнің шықса өңешіңді жұлғандай.
Қара түнек қою қара боянды,
Құмырсқадай илемекші ноянды.
Өле жаздап, алар тыныс тарылып,
Шырт ұйқыдан Қошке шошып оянды.
Түс жорыпты сескенгендей ағамыз,
Дәл келгенін қорқыныштың қараңыз:
НКВД үш жендеті сау етіп,
Ығыр салды үш жандайшап қаражүз.
Тінтіп, тонап
Үйдің ішін жылатты,
Үш әумесер ауырлатты сынақты.
Көздері ашық, қара жабу беттері,
Түсінде көрген үш терезе сияқты.
Шарбақкөлдің Томарында от басты,
Амал бар ма болды десе болмасты?
«Балаларға абай бол...» – деп сыр бермей,
Жан серігі Гүлсімменен қоштасты.
«Үштік соты» – ұмытқандар ұятты,
Ұрды, соқты...
Қол қойғызып сұлатты.
Қату қабақ соқырайған үш жендет
Түсіндегі үш терезе сияқты.
Қошке атылды
Зорлық кешіп не түрлі,
Көрген түсі заман сұрқы секілді.
Қара мұрт шал қараңғы үйді құртса да,
Құдай оңдап, ұрпақтары жетілді.
Көзім көрді Нарманбектей баласын,
Тегіне тартқан арыс еді жаны асыл.
Шарбақкөлде онжылдықты басқарған,
Ел сыйлайды ұстаздық құрған данасын.
Гүлсім апа, керемет қой осы үлгің,
Содыр заман, өтті түстен шошыр күн.
Қайырбек, Бейбіт, Роминдер бастаған
Қошке ағаның көшін көріп отырмын.





Пікір жазу