13.06.2022
  142


Автор: Кәкімбек Салықов

МАҒЖАННЫҢ БІР ӨЛЕҢІ

Үлкен өлең көңіл толар көлемі,
Мағжан аға «Сағындым» атты өлеңі.
Абақтыда Алла сыбыр еткендей,
Бой тастапты бостандықтың елеңі.
Межешамдай түнде төккен жарықты,
Алға тартты ақылы жеткен анықты:
«Мен өлсем де Алаш өлмес, көркейер!» –
Деп сақ қыран сендіріпті халықты.
Көкірек жарған түсінгенім ғажапты:
Сын сағатта шыңдап жатыр қазақты.
«Маған артық – ұлтым үшін өлгенім!» –
Деп кешіпті жан түршігер азапты.
Дауылпаздың дана сөзін тірі аңыз
Естіп жатты Қаратаулар, құба дүз.
Көріпкелдік – әулиелік болжамын
Өлеңдегі өз сөзінен тыңдаңыз:
«Қалың елім, қалың қара ағашым,
Қайраты мол, айбынды ер Алашым!
Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын!»
Осы емес пе әулиелік, даналық,
Тура келді Мағжан сөзі, бәрі анық.
Кешегі Одақ оқ шығынсыз құлады,
Өз қырсығы сұр жебедей қадалып.
«Көріпкел» ғой ақын сөзі өрелі,
«Пайғамбармын!» дегені де сол еді.
Ғасыр сырын ашып кетті данышпан,
Бір романнан артық қой бұл өлеңі.





Пікір жазу