13.06.2022
  96


Автор: Кәкімбек Салықов

ОСЫ ЖҰРТ ШАРБАҚКӨЛДІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

Сұлу жер Омбыдағы Шарбақкөлім,
Сәт сапар бір көруге арнап та едім.
Мың алғыс атақты інім Жәнібекке,
Ойымды тапты әдейілеп бармақ менің.
Ұқсаған Құлагерге құба тайдың,
Сыры көп біздер естіп-білген жайдың.
Өйткені осы ауданда туған жері
Нар тұлға Шаяхметов Жұмабайдың.
Шұрқырап Шарбақкөлде құлын жүрек,
Ойланды атамекен нұрын тілеп.
Ақыры Омбыдан кеп төрге жетті
Қазақтан шыққан көсем бірінші рет.
Сапарым туды сәтті Айым жарық,
Жұлдызым жарқырады анық жанып.
Табыстым Кемеңгеров Қошке ағамен,
Осы жер туған Фазыл Кәрібжанов.
Мақтаса Фазекеңді Қарағанды,
Ұлы жер қазақтанды, жаңаланды.
Ұлтжанды асыл тұлға ерте кетіп,
Жүрегім кенші күнде жараланды.
Ақ қайың, қарағайлы, көркем жерді,
Ұшырған қанат байлап өңкей ерді,
Осы жұрт Шарбақкөлді біле ме екен,
Жебеген Жұмабай, Фазыл, Қошкелерді?





Пікір жазу