ТҰЯҚ СЕРПУ
Касіретті қара пышақ қайралды,
Қара бұлт Қаратауды айналды,
Қара қойдың аяқтары байланды.
Жынды жел де тына қалды бірер сәт,
Жұлқылаған сұр даланы, сайларды.
Қарулы қол қара қойды бүктеді,
Осып өтті, осы ма еді күткені?
Момыным-ай, ең соңғы рет тұяғын
Серпіп қалды... кетті үзіліп жіптері.
...Құлағың сал, дін-мұсылман баласы,
Канға бөкті Созақтың сай-саласы...
...Қара жіптің үзілген сол ұшынан
Басталады сайын қазақ даласы...
Адамзат – келер-кетер, жүзге келер,
Пендені үйде өлсе де, түзге көмер.
Құдая, иманымды саламат кыл,
Ағайын енді қайда бізді іздеп келер?..
(Кұлыншақ).
«Қос құдық жайлаушы едік, қыстаушы едік,
Кәмшаттан бешпент, бөрік тыстаушы едік»1.
Көкашық, сарт Сауырбай, Баба-Атаны,
Созақтың қаласындай ұстаушы едік.
Тас сарай*, Дала базар мекенім-ай,
Сендерді қалай қиып кетемін-ай.
Топтасқан тоғайдағы тораңғыл тал,
Білдің бе дәуреніңнің, өтерін-ай.
Қан- қызыл қоңыраулы шеңгелдерім,
Бұл күнде серігімсің сендер менің.
Баба түкті шашты Әзиз әулием-ау,
Батты ма жаныңызға сенделгенім.
Қарттардың құлақ аспай басуына,
Себеп болды топанның тасуына.
Созақ жақ дөңгеленер көз алдыңда,
Шыққанда Суындықтың асуына.
Тассарай, Балықшы ата шатқалында,
Қан төкті қызылың да, ақтарың да.
Аңғармай күннің мынау батқанын да,
Аңғармай таңның сонау атқанын да.
Жалайыр, Қаңлы,
Қыпшақ, Тарақтылар,
Таманы інісіне балап тұрар.
Тыныш жатқан ауылдың шаңын қақты-ау,
Белсенді қатын құмар, арақ құмар.
Қара үйдің іргесінде созған кепті,
Шұбатын алып момын Божбан жетті.
Маңғытай, Саңғылымен көлеңкеде,
Қайтадан қоздырады қозған кекті.
...Қайтейін, не көрмеді момын қазақ,
Момыннан жатқандар аз жоғын санап.
Бізге еріп шыққан бұлт жауып кетті,
Созақтың ойлы-қырлы жонын сабап.
Сол бұлт жауып өтті момын елім,
Тамыздың шілдесінде тоңып едім.
Сан сұрақ сілкілеген күндіз-түні,
Көкірегім қайғыға толы менің.
Төмпешіктер, молалар, мың сыры бар,
Сол сырдан қара перде бір сырылар.
Құлағымда аттардың дүрсілі мен,
Аққудың қанатының сусылы бар.
Молалар, біздің мола, менің молам,
Молалар, сіздің мола, сенің молаң,
Бесік пен бейітімнің арасында,
Басыңа сан келермін сенің, Бабам.
Бұл күнде көрінбейтін егістерден,
Бұл бейіт – біздің бейіт тегістелген.
Ауған тәуіп, Ақ ишан, ер Сұлтанбек,
Шағынардай шыға сап... тегіс көрден.
Аттылар ана жолмен өтпегендей,
Үспіде* ауыл орын теппегендей.
Ығы-жығы молалар сарбаз болып,
Созаққа жаяу-жалпы беттегендей.
Баратқан айдау жолдың тозаңын-ай.
Өксігін ішке тартқан Созағым-ай.
Алаш боп желбіреді сары ала ту,
Намыс буған, кек куған қазағым-ай...
Қазағым-ай, кімдермен алыспаған,
Арманы ақ сағым боп алыстаған.
Жолаушыға мінгізіп жалғыз атын,
Өздері келісінде тары уыстаған.
Мұңдылау жүрегіме батып бір ән,
Шақырады... мола боп жатып қыран.
Алпыс жылдай өтсе де содан бері,
Кек қысып төсегімнен атып тұрам.
Сұм дүние, білді олар өтеріңді,
Шашаңа шаң жұқтырмай кетеріңді.
Ажал боп тақағанда Голощекин,
Теріскей дауыл болып көтерілді.
Кеше алмаймын мансапқа сатылғандар,
Қандасқа қарулы әскер шақырғандар.
Сендерге бәйіт жаздым, – дұғам болсын,
Созақтың базарында атылғандар.
Атылғандар о, қайсар кектілерім,
Асыл ойым көміліп кетті менің.
Сызған жақта өсетін қызыл гүлдер,
Қызыл қаннан нәр алған деп білемін.
Қызыл қанды қыратқа шашыраған,
Өтінем жұла көрме, асыл адам.
Әлі күнге өкпелі тәрізденді,
Етпеттеп жата қалған тасы маған.
Әжім басқан жесірдей құба далам.
Ұрпақ жоқ бұл қайғыны сұрамаған.
Толғамау бұл тарихты күнә маған,
Жырламау бұл тарихты күнә саған.
Қайтейін бір күнің жоқ сенің-дағы,
Өксігін ішке тартып жыламаған.
...Үнсіздік айқайлайды, шақырады,
Елеусіздеу молалар жатыр әні.
Жасырады... жусаны, селеуі де –
Көңілім әлдеқайда асығады...
...Құлазыған көңілге қарамастан,
Ақ сағыммен астаса араласқан.
Бәрін көрген сөзім бар саған аспан,
Бисмилла...р...рахман рахим ал бастадым,
Қасіретті, қайғылы дала дастан.