АҚЫН АҒАҒА СЫР
Сарыарқасына сыймай бiр өткен,
Иманжүсiптей қайраттым,
Арыстан бабтай айбаттым.
Маңғыстаудағы қатептi қара нар болсаң,
Соңыңнан ерген тайлақпын.
Қызыл заманда жалтақтамаған қоғамға,
Сендей ағаны ана дүниеден табам ба?
Өттiк бiз қанша қаһарлы есiк,
қақпадан,
Алдыңда сенiң несiне бүгiн ақталам.
Қатерлi кезде қара көздердiң,
ақ махаббаты сақтаған,
Тек солар ғана қиын сәттерде сатпаған.
Сыр сұрап барып, мұң алып қайтқан аршадан,
Жүрегiң бүгiн барлығын сезген, шаршаған.
Жан аға сенiң асау да асқақ жырыңа,
Басын иген күн,
iзгi ниеттi барша адам.
Аққан бiр судай сабырлым,
жер анадайын төзiмдiм,
Жастарын көрем жырыңнан
жасаурап тұрған көзiңнiң.
Қабырғаларым қайысты,
мағынасынан сөзiңнiң,
Алдымда шапқан асылым,
ардақтай алар өзiмнiң,
Ойлардан ойлар бұл түнде,
талықсып барып көз iлдiм.
Бабалар бiздiң аңсаған,
орындалмай-ақ қойды арман,
Жерiдiм сауық-думанды,
ақсақалдарсыз тойлардан.
Шошыдым аға иесiз
ит үрмейтұғын сайлардан,
Ұлы даламыз айрылды-ау,
қазақы қара қойлардан.
Қаңырап қалған ауылдар,
қыстаулар мен қырмандар,
Сахара мұңы сазыңмен
ұйқымды менiң ұрлаңдар.
Түсiме ендi мәңгiлiк
мола боп үнсiз тұрғандар,
Өткен ғасырда елiм деп
еңiреп өткен құрбандар.
Ескi елестердi елжiрей
ескi мақаммен жырлайды,
Соңыңнан шыққан достарым
Бауыржан, Ғалым, Нұрландар.
Асау ем мен де ол жылдар,
үйрендi бойым азапқа,
Өсек пен жала озбырлық,
төздiм мен қалай мазаққа.
Қара шалдарым көп айтқан,
түскендей болдым тозаққа,
Жаныммен жазған жырыммен
араларында жүрiп мен,
Жете алмай келем әлi күн
ақ пейiл қалың қазаққа.
Тағдыры бiздiң халықтың
бармақтай ғана бақта тұр,
Ақыны қаңғып,
әкiмi суытып түсiн тақта тұр.
Анамның аппақ күмбездi
сағанасына шағынған,
Не дейсiң маған кешегi
асық ойнаған ақ тақыр.
Таза едi арым сенiңiз
бұл сөзге кәмiл иманым,
Кеш бiлдiм кеше жақыным
қиянаттарға қиғанын.
Сыйғанмен, аға,
қайтейiн көкiрегiме бар ғалам
Алматы менен ауылға
ес жиған шақта сыймадым.
Ең жақын деген досым да,
терiс айналсын, жалтарсын,
Жаман iнiңе түбiнде
бар сенiмiңдi артарсың.
Жырлы додада осынау,
айыра жаздап жақтарын,
Қапталдай шауып атыңмен
жүгенiмнен кеп тартарсың.
Суырылып шықсам сол сәттен
аспанға шапшып байқармын,
Жаңбыр боп жауып, дауыл боп,
дүниенi сiлкiп шайқармын.
Сауықшыл, мұңсыз әкiмге
ауылдар жайлы барып мен,
Барлық ойымды бетiне
қасқайып тұрып айтармын.
Келедi күндер арайлы,
әлi де талай бақ сынар,
Ұлы Абай айтқан кешегi
қайрат пен намыс ап шығар.
Елiмiз сенiп бiзге де
күрделi iстер тапсырар,
Бағамды берiп мiнбеден
мен жайлы айтар пiкiрлер,
Қасқалар мен жайсаңдар,
лебiзi уәлi жақсылар,
Осылай дейдi түсiмде
ауылда көрген бақсылар.
Солай да солай ағажан
бiз туған жердi еске алдым,
Ұрпағы едiк кешегi
сыйласып өткен бес шалдың.
Дұшпан мен досты бiр жүрген
ажырата алмай көп жылдар,
Талай нәрседен қайтейiн
бармақты тiстеп кеш қалдым.
Көп шайырларға бүгiнгi,
көңiлi құрғыр толмайды,
Сондықтан ба екен жүректi
алапат қайғы торлайды.
Ақылсыз адам болса да
сенбейтiн мөлдiр сырыңа,
Ғұмырда мынау ешқашан
ажалсыз адам болмайды.
Арғымақ аттай алшаңдап
бәйгеге бiрге барармыз,
Арманда қалған ауылдар
әжетiңе де жарармыз.
Алыста-жұлыс қызығың
көрген бiр түстей опасыз,
Хан Кене сынды қоштасар,
мұңды бiр әнге салармыз.
Жұлдыздардайын жарқырай,
аспаннан сосын ағармыз.
Ұмытса-дағы Астана,
хандармен қатар-қатар боп,
Түркiстанымда мәңгiлiк,
қос көше болып қалармыз...