ДIНМҰХАМЕД ҚОНАЕВ ЖАЙЛЫ ЖЫР
І
Қимай тұрып батқан сұлу кештi мен,
Бұл есiмдi бала кезде естiгем.
Құлағыма мұңлы сарын жететiн,
Қобыз әнi... келе жатқан ескiден.
Ару түндi таң да қимай ататын,
Жер-Ананы Күн де қимай бататын.
Шорнақ жақта күндiз-түнi тынбастан,
Ары-берi поезд өтiп жататын.
Алтыншыдан жетiншiге көшкен жыл,
Тоғай жаққа көп қызғалдақ өскен жыл.
Ақ бантигi желбiреген сары қыз,
Шықпай қойған мезгiл едi ол естен бiр.
Бұл жалғаннан кiм бақытын тапты аға? –
Әкетердiң сәл алдында мақтаға,
«Дiнмұхамед Қонаев» деп күлiмдеп,
Мұғалимам жазған едi-ау тақтаға.
...Сол жылдардан басталады соқпағым,
Қия құзда қирай жаздап тоқтадым.
Ұмытсам да талайлардың есiмiн,
Қонаевтың атын есте сақтадым.
Сүйген жарын мәңгiлiкке қасына ап,
Өттi қартым Күн шуақ боп шашырап,
Жетiсудың жетi өзенi жас болып,
Жосып ақты әлсiн-әлсiн тасып ап.
Жабыққанда жасаурай қап жанарым,
Қартым жатқан Кеңсай жаққа қарадым.
Айта алмаған бiр сыр кеттi-ау данамда,
Бiр сөзiмдi мен де айта алмай барамын...
II
Былай қалып таңғы ас,
Кейде көршi
Паша достай болғым келiп мәңгi мас.
Қонаевтың даңғылына жетемiн,
Көше кезген қарақшыдай қаңғыбас.
Ей, ұланым,
жыр оқы деп қыстадың,
Сәкендейiн сұлу, сырлы сандық аш.
Қыр соңыңнан қалмайтұғын дұшпаның,
Сенi мендей аңдымас,
Ала заман ала жiппен шандымас.
Қызыл дәурен сөз сөйлеткен астарлап,
Жырлағандай досым көзден жас парлап.
Қонаев – ол тек Қонаев қана емес,
Қонаев – ол: «қарабауыр қасқалдақ!»
Беу, бүгiнгi бұлаңдаған бұланым,
Бұлдыраған белесiм, ұрандаған ұланым,
Сылаңдаған шырағым,
Сен де бiр күн азап-қайғы шегесiң.
Жұмыртқада шайқалмаған қыраным,
Сахарада байқалмаған бұлағым.
Сендер соны бiлсе екен деп,
Жан-тәнiмен сүйген едi,
Ол шетсiз-шексiз Тұранын.
Бiр Алладан жалбарынып сұрадым:
Оңашада сол қартымдай ардақты,
«Қазағым» деп үнсiз ғана жыладым.
Бойымдағы барыммен,
дарыныммен,
зарыммен,
Азынаған азалы бiр дүниеауи сарынмен.
Жаздым мұны,
жер бетiнде адамдар аз,
мола көп,
Алтындар аз, қола көп.
Бiлесiң бе, шырағым?
Мәскеу жаққа жүрерiнде оқитын ол құранын.
Жолың түссе маған-дағы соға кет:
Қалқаманның ар жағында,
Абай атты ауылдың,
Сол Қонаев көшесiнде тұрамын.