13.06.2022
  855


Автор: Қасымхан Бегманов

АКАДЕМИК ҚАНЫШ СӘТБАЕВ ЖАЙЛЫ ЖЫР

I
Алатаудың ақ талдары,
Қаратаудың қапталдары,
Өр Алтайдың шатқалдары,
Ұлытаудың көп белдерi,
Көкшетаудың көк көлдерi.
Сосын бiздiң шалдар жатқан,
Сағымды қыр сағынар.
Ендiгi ұрпақ аруағыңа табынар,
Сендей ұлды тудыра алған
халықтың да бағы бар.
Сары белден асып кеп,
Абылай аспас сонау жатқан
Сар далаға тасқын судай тасып кеп.
Ортамызға оралғандай
Иманжүсіп байтақ ән,
Тартқан күйiң
Маңғыстау мен Атырауды шайқаған.
Бiздiң мынау халқымыздың бағына,
Сендей бiр ұл туар ма екен қайтадан.
А, ана бұлдыраған,
Сарыарқаның құба жонында,
Қарсақбай мен Қоңыраттың жолында.
Қайран ағам қаншама рет сабылған,
Сосын саған ауыл итi жабылған...
Алашына құдайдан ол мәңгi бақыт сұраған,
Сен кеткенде
Жезқазғанның жезкиiгi жылаған.
Елiн сүйген, көлiн сүйген ұлан-ғайыр ғұламам.
Күндiз-түнi арыла алмай
ауыр-ауыр ойлардан,
Аулақ ұстап ғазиз басын
у-шу еткен тойлардан.
Байлық тауып құстар ұшқан,
бөкен желген сайлардан,
Қонған қыры жарқыраған қалаларға айналған!
Қарағанды – Ертiсiм деп
көз iлместен шарқ ұрған,
Көз алдымда қара нар боп
елестейдi нар тұлғаң.
Тұңғыш рет карта болып
сызылдың да қағазға,
Сахараға темiр жол боп қан тамырдай тартылған.
Алмас қылыш тот баспайды,
топырақтан көтерiл,
Соқпағыңмен жол бастайды,мұратына жетер ұл.
Шыдай-шыдай шемен болған
үмiтi елдiң үзiлдi,
Көздiң жасы моншақ болып ақ қағазға тiзiлдi.
Айхай заман,
қай заман бұл, заман дейдi өтпелi,
Өтпей қойған өтпелiге қазақ бүгiн өкпелi.
Ит жоқшылдық ит боп үрiп, басымыздан кетпедi.
Өзiң салған өндiрiстер аңғал-саңғал тоқтаған,
Астанада сары маса, ақ боран.
Бұл кезеңде Қан-ағамды
халқы мынау жоқтаған,
Ақ сағымға сiңiп кеткен
тұлпар едi ол ақ табан,
Сондықтан да бар әлемнiң жайсаңдары мақтаған.
Аруақты ел ұлы iстерсiз
күнiн қалай батырсын,
Мынау ұлы даламызға
жырдан шашу шашылсын.
Құлақ түрiп дүбiрлеген
дүниеге үн-түнсiз,
Қалай ғана топырақты оранып ап жатырсың?
II
Жер дегенде жанарларын жас кернеп,
Ел дегенде көкiрегi күйетiн.
Кеннiң тiлiн өз тiлiндей қастерлеп,
Судың тiлiн Сүлеймендей бiлетiн.
Семей жұртын кетерiнде қимаған,
Сахараның әндерiне табынған.
Жаяу Мұса қыран құсын сыйлаған,
Торайғыров мұңын айтып шағынған.
Көктем келiп дүние көкке боянып,
Кеткен сәтте асқан асқақ сезiммен.
Сарыарқаның әндерiмен оянып,
Сардаланың күйлерiмен көз iлген.
Кiрлетпеген пәк сезiмiн жарға аппақ,
Естi сөзге ескi адамдай тоқтаған.
Әуезов пен Марғұланды ардақтап,
Едiге мен хан Кененi жоқтаған.
Ғаламат бiр жұмбақ сырлар бар мұнда,
Орындадың сәби кезгi сертiңдi.
Формулалар билеп сенiң алдыңда,
Сапырылысып жатты сұйық ерiтiндi.
Қуғын көрiп әз басынан бағы ұшқан,
Кезеңдерде медеу болған мұңлы аспан.
Англияда Черчильменен қағысқан,
Кремльде Косыгинмен сырласқан.
Малшы қазақ тосты ақырын ойланып,
Айдалада лаулап жатты жаңа оттар.
Жазған хаты ақ кiрпiшке айналып,
Көтерiлдi комбинаттар, заводтар.
Ғасыр сайын тұрар iсiң жаңғырып,
Жазылады сырлы ғазал, дастанда.
Планета есiмiңдi ап мәңгiлiк,
Айналып жүр аспанда.





Пікір жазу