13.06.2022
122
ҮЛГЕРМЕДІМ
Айналғанмен жырыма гүлдер менің,
Мінезімді өзгертті-ау күндер менің.
Тау қопарам деп едім жас кезімде,
Жылдар өтті, мен бірақ үлгермедім.
Еркіндікті қимады жалған маған,
Үлгермедім көп іске армандаған.
Ұлт тағдырын ойлаудың сан үлгісі,
Кешегі өткен шалдардан қалған, балам.
Өр кеудемді намысым бастырмады,
Шуағымды жан-жаққа шаштырмады.
Өтті, кетті барлығы көрген түстей,
Адымымды уақыт аштырмады.
Мінезімді өзгертті күндер менің,
Ыңғайыңа жығылсам жүндер ме едім?
Ұлы ақын болам деп сөз беріп ем,
Ұлы өлең жазуға үлгермедім.