13.06.2022
  127


Автор: Қасымхан Бегманов

Жауғанда жаңбыр бетіне жердің бір күні...

Жауғанда жаңбыр
бетіне жердің бір күні,
Қыратқа, қалқам, құлпырып шығар қыр гүлі.
Отыз бес жылдық
сағынышымды арқалап,
Жетермін саған Бабайқорған мен Үлгілі.
Жауады жаңбыр,
өтеді шөпке себелеп,
Қонады гүлге қанаты сулы көбелек.
Бабайқорған мен Үлгілі жақта той өтер,
Ол тойда бірақ, болмаспыз біздер не керек.
Ыстық қой маған
жусанды анау қыратың,
Барсам да қайда көңілден шықпай тұратын.
Бабайқорған мен Үлгілі жақтан басталған,
Сан ғасырларға созылар асыл мұратым.
Жауады жаңбыр
бетіне жердің бір күні,
Баяғы қыздай құлпырар сонда қыр гүлі.
Отыз бес жылдық
сағынышымды арқалап,
Оралам саған Бабайқорған мен Үлгілі.





Пікір жазу