13.06.2022
  115


Автор: Қасымхан Бегманов

Арман болған бүгiнде...

Арман болған бүгiнде,
Сұлу қызы Сиқымның.
Сезер ме екен түбiнде,
Бұзылғанын ұйқымның.
Үкiмiмiз кесiлген,
Жүректi ездi түнгi мұң.
Шықпай қойдың есiмнен,
Ару қызы Сүңгiнiң.
Ендi сайрар бұлбұлдар,
Бiздi де ертең бiлем дер.
Өзiңдi iздеп бұл жылдар,
Құлазиды Күреңбел.
Ол құшағын жайған күн,
Қалдың елдiң ары боп.
Шығыс жаққа Найманның,
Кете бардың жары боп.
Мен арманшыл ұл едiм,
Елiгi едiң Жамбылдың.
Айдың алтын нұры едiң,
Ұмыта алмай қаңғырдым.
Хабар бермей адаспа,
Құрдасыңа қайтейiн.
Жан жетпейдi Алашта,
Бiр басыңа қайтейiн.
Бар қызығы жалғанның,
Сенде кеттi қайтейiн.
Мәңгi жаулап алған мұң,
Менде кеттi қайтейiн.
Нұрлы жүзiң зар кезде,
Көрiнбедi қайтейiн.
Сүйемедi тар кезде,
Елiм менi қайтейiн.
Жаңбыр жырды селдеттiң,
Дақ түсiрмей арыңа.
Бақыт тiлеп мен кеттiм,
Жан ұяң мен жарыңа.





Пікір жазу