13.06.2022
  101


Автор: Қасымхан Бегманов

Қамын ойлар кезiм ғой деп ұлыстың

Қамын ойлар
кезiм ғой деп ұлыстың,
Өзiме-өзiм неше мәрте ұрыстым.
Орда бұзар
жасыма мен толғанда,
Қылпылдаған ақ жүзiндей қылыштың,
Көздерiнен көрiп қалып бiр ұшқын,
Ғашық болдым гүл қызына Шығыстың.
Бiр қарасаң
қыраттағы нәзiк гүл,
Нәзiк гүлдi тауыса алмаймын жазып бiр.
Шығыс қызы
мынау жатқан көсiлiп,
Талайларды тамсандырған жазық бұл.
Әсем әндей үлбiреген нәзiк гүл,
Жырларымды оңашада азық қыл.
Абай атты
ұлы дана мектептiң,
Шәкiртi едiм,
қурап барып көктеппiн.
Алыстарды армандадым, алыстым,
Сондадағы мұратыма жетпеппiн.
Егем деген
егiнiмдi екпеппiн,
Себем деген
сезiмiмдi сеппеппiн.
Не айтайын,
Шығыс қызы, осылай,
Бұл жалғанда текке келiп, текке өттiм.
Мен осылай
қурай жаздап,
көктеппiн,
Шәкiртiмiн
Абай салған мектептiң.
Жиырма екiмде кiтабымды шығарып,
Отыз бесте неге менi шеттеттiң.
Шеттеттi деп қаңғып қалқам кетпеппiн.
Тағдыр менi
ойлы еттiң, өксiттiң,
Өксiтсең де қияндарға көз тiктiм.
Шыр етiп мен бұл өмiрге келдiм де,
Шапалағын қайта-қайта жеп шықтым.
Алты қабат
астары бар сөздi ұқтым,
Алты қапты жарып шығар кездiкпiн.





Пікір жазу