АЯЗДАҒЫ ӘН
Сары аязда
сол жылы сақылдаған,
Ерттеп бердi Тұрдыбай атын маған.
Төрт тұяққа лақтыртып кезек қарды,
Жалғыз үйлi қыстауға жақындағам.
Жалғыз қыстау,
адасып тапқан едiм,
Сақта дедiм,
үмiттi ақта дедiм.
Қырау басып мұңданған терезенi,
Сабыменен қамшының қаққан едiм.
Қимағандай кетер жыл,
өтер айды,
Анам салған ыңылдап
«Көкем-айды».
Киiзбенен қапталған
қара есiктен,
Жас келiншек көрiндi бөкебайлы.
Ақ тiстерi тiс емес,
асыл тастар,
Тiл байланды,
әзiл жоқ батыл бастар.
Аяз ата секiлдi тұрған маған,
Сығалайды есiктен тақырбастар.
Екi-үш бала есiкке таласады,
Таласады,
таңырқай қарасады.
Ақ мұржадан өрiлген
қара түтiн,
Сол келiншек бұлғаған қара шәлi!..
Дәл сол қыстай
ешбiр қыс тоңдырмаған,
Дәл сол аттай еш жылқы болдырмаған,
«Ағаң жоқ» – деп,
қыраулы қысқы кеште,
Бейтаныс жеңешем-ай, қондырмаған.
Қазақтағы жисаң да
бар қызды, аға,
Бұл iнiңнiң айтары жалғыз ғана:
«Көкем-айлап» ән салып
ұзай берген,
Қай асуға жеттi екен жалғыз қара?