13.06.2022
  94


Автор: Қасымхан Бегманов

КЕШЕГІ ҚЫЗ

Күзде келіп қалыпты-ау ызғар ескен,
Төніп тұрған тандырар құздар естен.
Ғұмырдың
қия соқпақ жолдарында,
Қаншама шығып кетті-ау қыздар естен.
Салқын самал
тау жақтан еседі күз,
От болып өртей берсін өсегіңіз.
Ертістің
жағасында еркелеген
Есімнен шықпай қойды-ау
кешегі қыз.
Өмірді өзгелердей сүре алмадым,
Алаңсыз әлдекімдей
жүре алмадым.
Әнші қыз
шықпай қойды-ау есімнен бір,
Өзім де неге екенін біле алмадым.
Ән-жырмен
қарлы шыңға жар салғанбыз,
Арайлы таңды бірге қарсы алғанбыз.
Есімнен
шықпай қойды кеше түнде
Ертістің жағасында ән салған қыз.
Есіңе сен де мені аласың ба?
Шақырсам сонда қайта барсың ба.
Ақ нұр боп
елестейді асыл бейнең,
Суреттей сұлу Ертіс жағасында.
Көңілім ауыр-ауыр жалықты ойдан,
Не сезсін қайта-қайта «алып қойған».
Мөлдіреп қара көзі...
кешегі қыз,
Ертістің жағасында қалып қойған.
...Кеп қалған cалқын желін еседі күз,
Тоқтата алмас дауылды нөсеріңіз.
Ұшақта келе жатып
сені ойладым,
Ертістің жағасында... кешегі қыз.





Пікір жазу