Мен өзiмнен бөле алмадым Тұранды...
Мен өзiмнен бөле алмадым Тұранды,
Дос екен деп жақын тарттым жыланды.
Сұлу құштым,
шарап та iштiм,
ат мiндiм,
Ессiз сүйдiм Мұхаммедтi, Құранды.
Жер қалмады,
ел қалмады баспаған,
Алға қарай жетеледi асқақ ән.
Кiрпiктерiм iлiнгенде көрдiм мен,
Суретiңдi отқа жағып тастаған.
Көк бөрiлер ауыл торып ұлиды,
Әкем байғұс қимай отыр жылы үйдi.
Сол суретiң жаңа
жана бастаған,
Күл боп барып топырақта iридi.
Бөрi кетiп,
боран ертең ашылар,
Суретiңнiң күлi желмен шашылар.
Жер бетiне жаңбыр
жауса бiр күнi,
Арасында көздерiмнiң жасы бар.
Бұл жылдары сенi ойлаймын, сағынам,
Туған жұрттың дәстүрiне бағынам.
Есiмнен бiр шықпай қойдың, сонда да,
Құран менен Мұхаммедке табынам.
Шарап iшiп шайырларға сыйлаппын,
Қызып қалып қиратпасты қираттым.
Өкси-өкси әпкем
жатқан сонан соң,
Отырамын басына кеп зираттың.
Бұл жалғанның қызығынан тұл зират,
Айналасы жусан менен гүл зират.
Өткен-кеткен жолаушыға зарығып,
Әлдене деп тiл қатқандай бұл зират.
Көк бөрiлер
көкке қарап ұлыған,
Қара түнде елден жалғыз құрығам.
Маған бақыт жоғын сездiм сол түнi,
Жұлдыздардың сұп-сұр болған сұрынан.