АЙЫЫ УМСУУРДЫҢ СӨЗІ
Жарандар-ау, жарандар,
Құлақ салып, қараңдар.
Баран атын айдаған,
Бұлттың астын жайлаған,
Балғын Нұргүн батырдың,
Білектерін байлаған,
Дуалы жіпті шешіңдер,
Кісендерін кесіңдер!
Босатыңдар бұғаудан!
Бұл күйінде жіберме,
Бұл күйінде жіберсек,
Көк аспанның әлемін,
Көк тебендей көктейді ол,
Жер астының әлемін,
Қопармаса кетпейді ол.
Тоғыз қабат аспанға
Топан судай тер төгер,
Жаһаннамдай жер астын
Тегенедей төңкерер.
Қырық пышақ жер үсті,
Қырғын болып өртенер.
Тас-талқан боп төңірек,
Таусылмайтын сор төнер.
Менің Нұргүн бауырым,
Дүниеге келгенде,
Көктің жүзі гүрілдеп,
Жердің асты дүрілдеп,
Қақ айырылып қара жер,
Қорыққан еді дірілдеп.
Бойына оның күш кірсе,
Бұлшық еті бұлтылдап,
Буындары сыртылдап,
Асып-тасып қайраты,
Басынғанды бұқтырар,
Арыстандай айбаты
Аспан астын ықтырар.
Албастының ауылын,
Ақырып бір шаппаса,
Аспан астын адақтап,
Өзіне тең таппаса,
Күші сыймай бойына,
Келгенін жасап ойына,
Бірдеңені бүлдірер,
Бүлдіргені бәле боп,
Соңынан ақтап кім жүрер?