13.06.2022
  115


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҰМТЫЛЫС

От пенен от,
Су менен су бірігіп,
Бар болмысқа кеткен болар кірігіп?
Арман қуып, қуанышты сағалар,
Әй, кішкентай балалар-ай, балалар.
Жаңбыр жауып,
Биікті бұлт басқанда,
Өкшелерін көтерісіп аспанға —
Арманына ұмтылатын сан ғасыр,
Беу, бұтақтар, бұтақтар-ай жап жасыл.
Өздерінің сырқаттарын ұмытып,
Бір-біріне жәрдемдесіп, жылытып,
Қол ұштарын бермек болып елпілдер,
О, кейуана, кемпірлер-ай, кемпірлер.
Қайғы менен қасіретті өткеріп,
Азапты да, тозақты да көп көріп,
Бар әлемге жауапкер де,
Балғадай
Қайран біздің ақсақалдар, шалдар-ай.
Жер тағдыры жағамыздан алғанда,
Шарасыздан жақ аша алмай қалғанда,
Сыңғырынан жан сарайың шуақтар,
Бірге туған бұлақтар-ай, бұлақтар.
Беу, кішкентай балалар-ай, балалар,
Бұтақтар-ай, жас жігерге барабар.
Кемпірлер-ай, кемпірлер-ай кейуана,
Қайран қарттар, қайыспаған қайда да.
Бұлақтар-ай, шапқылаған айнала...
Қай белеске шақырады дауыстап,
Қай қиырға бара жатыр алыстап?





Пікір жазу