ӘКЕ
Әкесін жұрт ұмытпайды
Ешқашан,
Тебіренем әкемді ойлай бастасам.
Өмірі мен сөзін жатқа білмеймін,
Жадымдағы ақ кітапты ашпасам.
Жанымда жүр
Оның өшкен жан нұры,
Тағдырымда жүр оның да тағдыры.
Оған деген сағынышпен өтті ғой,
Қанша күнім,
Қанша жылым,
Барлығы.
Сүйелденді алақаны Анамның,
Көзінде оның —
Үміт, бейнет, алаң, мұң
Екеуміз де мұрагерміз тағдырға,
Ол тағдырды, қайдан іздеп табармын?
Алдап жүр ме зерде деген зер-сезім,
Өзің жайлы тыңдап едім ел сөзін,
Өзгеше етіп суреттейді бейнеңді,
Әкежаным,
Өтінемін,
Келші өзің.
Зираттарда,
Айтар болсаң ашығын,
Байтақ әлем жатыр бізден жасырын.
Соның сырын берер маған кім ашып,
Тірлігімде,
Озбай тұрып ғасырым?
Соғыс бітті,
Жылдар зулап өтті енді,
Сені күтіп сарайыма от толды.
Шындық қайда?
Жалған қайда екенін
Өзің келіп түсіндірер шақ болды.
Тұмасы сен мен боп аққан бұлақтың,
Аш-жалаңаш жетілдім де,
Гүл аттым.
Сен —
Сөйлемсің соғыс өзі өшірген,
Соңыңда мен —
Нүкте емеспін,
Сұрақпын??!