13.06.2022
100
БОЗТОРҒАЙ
Дүниені әнімен дірілдеткен,
Бозторғайды іздедім бүгін көктен.
Өзі көзге көрінер-көрінбес боп,
Кең даланы көтеріп шырыл кеткен.
Бозторғайым, шоқтайсың уыстағы,
Көмейдегі тілімнің туысқаны.
Өзегімді әніңмен өртей түсші,
Көңілімнің жазылсын құрысқаны.
Менің денем биікке самғап алар,
Көлеңкесі құрттай боп жерде қалар.
Көкке өрлесем — өзіме бойлағаным,
Кеудемде де бозторғай пайда болар.
Таңдайымда ериді дауыс қардай,
Мұздай түсті алтын шоқ қалыс қалмай.
Мөлдіредің, бозторғай, көкке сіңіп,
Неге сонша өрледің алыс, талмай?
Көңілдерді шырмаған шырмауықты,
Тарқатпақ боп шырқауың тым қауіпті.
Әнің сенің ақ бұлттан әрі асқанда,
Кеудесінде кімдердің кір қалыпты?