13.06.2022
  79


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ПАБЛО НЕРУДАНЫҢ СӨЗІ

Өткеніңе ырзамын, өмір, сенің,
Тірі қалды өзіңде небір сөзім.
Әр тозаңда сен енді жарқырайсың,
шуағымен шырқаудан төгілсе күн.
Сенің мәнің мәңгілік жаңғыруда,
Құрт-құмырсқа, қар мен мұз — барлығында.
Күн жебесі күйдірген қолдар бүгін
Тереңдерден сөз қазып қалдыруда.
Махаббатта — бірлік бар,
Жерде — рақым,
Құйып өткен жаңбырдан ән қалатын.
Мендік мақсат —
Тоқмейіл тіршілікті
Өткір жырмен өртеуге арналатын.
Аспанды да, құсты да, тамшыны да,
Айналдырам өлеңнің жан сырына.
Мен әр сөзді құямын оқ құйғандай
Сусындатып құрышты таң шығына.
Өмір, сенде өлімнің таңбасы бар,
отты сөздер лапылдап алға асығар.
өлеңді әлі тазарта түсу керек,
тұтып қалған тозаңы бар да шығар.
Бақ пен сорды кім екен ашып қарар,
Шындыққа кім жалғанды қосып бағар?
Тәттіге — тұз, тазаға — тозаң шашып,
Тасырлыққа кім екен машықтанар?
Тұтатқан кім сұмдықтың тамыздығын,
Іске асырып өзінің жауыздығын?
Жұртты азаптар сол оттың жарығында
Сезінетін жан бар ма парыз жүгін?
Әлде, бәрі бекер ме?
Асылы, әлі
Ақ көбігі шаттықтың шашылады.
Уақыт шіркін майшамдай таусылса да,
Балауызы
Сөз — мөр боп басылады...





Пікір жазу