13.06.2022
  135


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЕРТЕГІНІҢ ІЗІМЕН

Күн нұры топырақпен біріккеннен,
Бір Адам
Дүниеге кіріп келген.
«Кім менің ата-анам?» деп ойға түсіп,
Өзіне пәлсапаны жуық көрген.
— Топырақ пен дән неге құдіретті?
Күн мен жұлдыз, ай неге құдіретті?
Тұман мен жел, су неге құдіретті?
Жапырақ, гүл, ну неге құдіретті?
Құдіреті неде екен миуаның?
Балауыздың кім білген сыры, мәнін?
Қаймақ пен сүт, қамырдың, саз балшықтың.
Құдіреті неде екен құмыраның?
Тәңірім-ау, мынау қол, мынау кеуде,
Бұл бас пен көз, бұл құлақ тынам дей ме?
Мынау сіңір, мынау қан, ет пен сүйек,
Тіршілік пен тылсымға құмар кейде.
Жалбарынып, табынып, ойланыпты,
Өзіне өзі бір досты зорға алыпты.
Ауа, судан сыр тартып, дүние жасап,
Пайғамбарға сол Адам айналыпты.
— Гүл иісінен іш неге өртенбейді,
Құс үнінен неліктен дерт енбейді?
Мен сау болсам олар мас, неге бұлай,
Олар бейқам, мен үркек, тең келмейді.
Бір шөл өртеп жүрегін тарылыпты,
Кеудесіне күн кіріп, жанығыпты.
Басын иіп сезімге ақыр соңы,
Қу нәпсіге сайтандай салыныпты.
Құмарлықпен күндерін өткеріпті,
Піскен алма-миуаны жеп көріпті.
Қарауытып көздері, басы айналып,
Махаббаттан өзегі өрт болыпты.
Жанартаулар жанында жанып, сөніп,
Адам сонда өсіпті алып болып.
Димиаттан1 сол баба ұрпағына,
Шөкім күріш кетіпті тауып беріп.
Біздің үйден жедің ғой талқан, жаным,
Сол талқанның түсінші, қалқам, мәнін!





Пікір жазу