ӨСЕКШІЛЕР
Сөзшеңдер неменеге сүйреңдейді,
Жүгіріп, асып-сасып,
Күйбеңдейді?
Шамасы көрші жігіт,
Көрші қызға,
Қырындап жүрген шығар үйленгелі.
Сығалап ана жерден,
Мына жерден,
Екі жас кездескенде сірә, көрген?
Ұмытып өздерінің от-ошағын,
Бәрі де тыңшы болып шыға келген.
Игі іс боп,
Қасиетті рухтағы,
Көрінер өздеріне қылықтары.
Тамызып сөздің майын кезек-кезек,
Тұрады ду-ду етіп құдық маңы.
Көпіртіп көргені мен білгендерін,
Тізеді кімге,
Қашан,
Кім келгенін,
Қай қуыс,
Қай қалтарыс,
Қай тесіктен
Ұқпайсың қалай көріп үлгергенін.
Бейшара балалар-ай,
Қасиетті
От сезім бір біріне ғашық етті,
Тұп-тұнық, биязы, пәк сол сезімді,
Өсектің өкшелері басып өтті.
Тілдесе қалсаңдар-ақ қара баспақ,
Гу етіп ұзынқұлақ ала қашпақ.
Ұрланған
Ұятсыз көз екеуіңді
Сол сәтте-ақ жібереді жалаңаштап.
Құлақтар түріледі,
Езу күліп,
Еріндер сылпылдайды төзім құрып,
Телеграф сымымен тарағандай,
Сөз шарлар шартарапты кезіп жүріп.
Өсекші шіркіндер-ай,
Теріп-бағып,
Кімдердің қамын жеп жүр
Өліп-талып?
Көрші ұл
Көрші қызбен тілдескенін
Шамасы, айтты-ау біреу көріп қалып!