13.06.2022
  110


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚҰЛЫН

Жүрегімнің
Ауылда кілті қалды,
Қандырушы ем ойнақ сап кіл құмарды.
Бәрінен де өстім мен бұл өмірде,
Жақсы көріп жанымдай жылқыларды.
Сұм дүние сұсымен сескендірген,
Шықсын қалай бала кез естен бірден?
Етегіне шешемнің жабыспай-ақ,
Жетім болып тұлдырсыз өскенмін мен.
Бар дүние
Қаңтарда нұрын бұрған,
Атын маған ажалдың ұғындырған.
Жылқы мінез жайдары жайсаң жандар,
Құшағына ап жауратпай жылындырған.
Өлгенімше оларға қарыздармын,
Саясында солардың қауыз жардым.
Буын бекіп,
Қабырғам қатқан шақта,
Аттанам деп әскерге арыздандым.
Жаралғандай жылқымен бейне бірге,
Атты әскер боп қарадым енді өмірге.
Бөлімдегі салт атты байланысшы,
Арғымақпен танысқан жөргегінде.
Жылқы — от қой!
Сондықтан күйемін мен,
Бұл махаббат сіңіскен сүйегіммен.
Қыдыртқанда
Құлпырды қалыңдықтай
Дульцинея дейтұғын бие мүлдем.
Шекеріммен, наныммен жемдеп жүргем,
Ол да маған жылқы еді сенген мүлдем.
Командирдің өзі де аузын ашып,
Сымбатына сұқтанып көрген бірден.
— Соғыс! — деген сұмдық бір дауыс таңда,
Естілді де, ойнады намыс қанда.
Терістікті бетке алып, кетті аттанып,
Жау-жарақты қосындар алыс жолға.
Ал ол жақта ақ боран буып кәрлі,
Сақылдаған сары аяз сұрықты алды.
Ал, мәссаған!
Бір күні Дульцинея,
Ақ қырауда толғатып туып қалды.
Зіркілдеген зеңбірек, зауалды күн,
Кісінеді әлсіреп жағал құлын.
«Құлын жанын қинама!» — деді маған,
Төмен қарап,
Тұқшиып командирім.
Құлынды мен жетелеп қашық бардым,
Қалқасында есігі ашық тамның,
Бір бума оқты түгелдей оқтадым да,
Өз жанымды атқандай атып салдым.
Тісім тимей тісіме сақылдады,
Арқам терлеп, аяныш тақымдады.
Алғашқы ұрыс.
Алғашқы қатігездік.
Көрдей көңіл.
Соғыстың соқыр мәні.
Өкініштен өзекте торланды мұң,
Көз алдымда қалған да қойған бүгін:
Аяз.
Орман.
Ернімен түртінектеп,
Саусағымды емшектей сорған құлын.





Пікір жазу