13.06.2022
  133


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚОЛАЙНА

Адам үшін ең ауыры жазаның —
Тарту болар жалғыздықтың азабын.
Қолайнаға қолы жетпей жүр дейді,
Темір торға тұтылған бір қазағым.
Қайран өмір —
Қаймана үшін жыр бесік,
Қапастағы тұтқын үшін — құр кесік.
Жалғыздықтан жан сақтайды ол жабықса,
Айнадағы бейнесімен тілдесіп.
Жабыққан жан,
Торыққанда түрмеде,
Қолайнамен тілдеседі түнде де.
О, тіршілік тұтқыныңмын мен сенің,
Түн ұйқыдан текке безіп жүр деме.
Сырласпаймын сусылдаған жұртпенен,
Сырласамын жұлдыздармен, бұлтпенен.
Тілдесердей жапырақпен, жаңбырмен,
Түнде мені қандай түлен түрткен ең?
Қараңғыда қарсы қарап айнаға,
Жалғыздықтан жан сақтаған қай бала?
Түнгі тылсым табиғат па панасы?
Тірлік бөтен, ажал да оған қаймана...
Қандай ыстық қара түннің құшағы,
Бауырына босатпастан қысады.
Сұм жалғанның соры менен азабы,
Тәтті елестей көзден бұл-бұл ұшады.
Жалғыздыққа құрбан болған есіл жан,
Айнасынан айырылып тосылған.
Арпа ішінде бір бидайды кім ұғар,
Әлде күрмек көп күрішке қосылған?.





Пікір жазу