ТЕНТЕК АҚЫН
Келе алмай дүниемен келісімге,
Бір тентек жүрмей ме екен ел ішінде?
Қоғамның қиратпас ол қабырғасын,
Төренің тәж бен тағын бөлісуге.
Қақ жарар қара қылды қайырымды
Қазы іздеп,
Қасқа жолы айырылды.
Қасарып ары кетсе желіні үзер,
Қысырдың бір арда емген тайы құрлы.
Үрікпесін бойындағы асқақ үміт,
Үйірден қумаңдаршы бастан ұрып.
Қашанғы қойға салып қоясыңдар,
Қақпалап, жон терісін таспа қылып?
Намыстың нардай нарқы түскенінде,
Жұртына жарайды ақын күш беруге.
Ары бар, арқасы бар жалғыз шуақ
Арқырап жүрсе қайтер іштеріңде?
Өсектен,
Өтіріктен қар боратып,
Өлердей жан-жүрегін қан жалатып.
Қашанғы қақпақылдап қоясыңдар
«Тентек» деп ту сыртынан таңбалатып.
Ақынның әр сөзінде шойын жатар,
Аяңдар,
Арқасына сойыл батар.
Біз құлақ аспасақ та жырына оның
Түбінде уақыт өзі мойындатар.