13.06.2022
  142


Автор: Ұлықбек Есдәулет

САУДА

Қаламын тастап,
Ұлы ақын кірген саудаға,
нанбассыз, мүмкін,
нанарсыз,
батам деп барып пайдаға,
Қара құрлықта1
ғайып боп кеткен хабарсыз...
Өз ұлылығын білместен қойды-ау өлеңді,
қоймас па еді білсе егер?
«Құл сатқан» дейді,
сенбеймін соған мен енді,
өсекке мұндай кім сенер?
Беу, Артюр Рембо, —
жас пері және Ұлы ақын,
шайырлық шағың —
төбелес, дырду, әрі мұң...
бас пайдаңды емес,
тәуекел тілеп тұратын
құртты ғой сені дарының.
Бүгін де кімнің барғысы келмес саудаға,
бүгін де кімнің батқысы келмес пайдаға,
қаңғырған басың қауғадай болар сауғада,
желікпе, деймін, қой, бала!
Осылай, бауыр,
Саудаға — қыр жоқ,
Билік — кеш...
(Төбелес пенен өлеңді қойғам жоқ әлі),
Көз сатуға да,
сөз сатуға да илікпес,
Ақынның басы жүруі керек жоғары!





Пікір жазу