13.06.2022
  103


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖАЗМЫШ. ҚОСТАҒАН

І
Қарағым, аспандағы Күн, Айға да
Қарасаң — көзіңді ашып,
Сынай қара.
Қашан да қақтың суы тұнық келер,
Ағады асау бұлақ ылайлана.
Тағдырдың шеңберінен шыға алмайсың
Қаншама жүгірсең де шыр-айнала.
Біреулер қара терге малшынғанда,
Рахатын басқа көрер шырайлана,
Су аяғы құрдымды сезе тұрып,
Түбіне жете алмайсың мың ойлана.
Ғұмыры адамзаттың екі түрлі,
Себебі екі көз бар Құдайда да.
«О, Тәңірім,
оң көзіңмен қарай гөр!» — деп,
Сиынып сәбиі үшін құлайды Ана.
Күтіп тұр сол сәбиді қандай тағдыр? —
Біз үшін шешілмес бұл сұрау ғана.
Өше ме,
Өсіп-өніп,
Өркендей ме? —
Аян ол әлемде тек бір Аллаға.
ІІ
Адамзат баққа,
Таққа ұмтылады,
Көлденең жолына оның кім тұрады?
Қолдағы қазынасын құрбан қылар
Біреудің қызықтырып жылтырағы.
Кемшін мен кембағалды көзіне ілмей,
Шен-дәулет,
Сән-сәулетті жыр қылады.
Даңқ қуып,
Дақпырт тауып, атақ іздеп,
Құл болып қу құлқынға қылқынады.
Жасаған оң көзімен қарамаса
Бәрібір бар жігерін құм қылады.
Көрместен өз көзінің алалығын,
Құдайды ұялтпақ боп жұлқынады.
Қан төгіп,
Қаһарланып, заһар шашып,
Соғысып, бірін-бірі құр қырады.
Жаратқан қарар ма еді оң көзімен
Жарасса адамзаттың ынтымағы?
Бек те өтер,
Байбатша да,
Байғұс та өтер,
Басылмай бұл жалғаннан бір құмары!..





Пікір жазу