«МОРГ»
Есте ме,
ей, Қонысбай, мына қала,
есте ме «Морг» дейтін сырахана
моргтың іргесінде?
Сусап келіп,
сыраны сіміруші ек тұра қала.
Сыраны сіміруші ек шөлдей барып,
сапырған сезіміміз көлге айналып,
сілкінтіп дүниені жыр оқушы ек,
сирақтан Сырдың суы келмей қалып.
Еспелеу жас ақын ек біз бәріміз,
есте жоқ:
есеңгіреп қызғанымыз, —
ар жағы тас дуалдың —
мәйітхана,
аруақтар тыныштығын бұзғанымыз.
Мәйіттер ар жағында қабырғаның,
сездіріп жатыпты ғой өмір мәнін, —
тіріге,
өліге де тиесілі
түбінде тоғысатын қабір барын.
Тірліктің қашып жүрген түрмесінен
өлгенін,
тірілгенін білмес ұл ем,
сол кезде сезбеппін-ау тұрғанымды
өлімнің өлең оқып іргесінен.
Тағдырдың тұтқынынан
азап көріп,
шықсам мен түбінде бір азат болып,
жігіттер,
іргеме кеп жыр оқыңдар,
тыңдайын бара жатып тозаққа еніп.