ЗИЯН
Арман қуып,
Атылып жиі ағынға,
Ақын болсам дедім мен қиялымда.
Алас ұрып ақыры
Ақын болдым,
Айырмай-ақ пайдасы, зиянын да.
Пенде болсаң жағарсың көпке қалай,
Бірде маған бұрқ етті өкпелі ағай:
«Жақсы балуан өзіңнен шығар еді,
Өлең қуып кеткенің,
Әттеген-ай!..»
«Бірінші боп біз туған атыраптан,
Сен чемпион болар ең шахматтан,
Патшалардың ойынын тәрк еткен соң
Түңілдім, деп,
Өзіңдей ақымақтан!.. —
Түкіреді бір ағам жерге міне, —
Еріккеннің ердің деп ермегіне...»
Әкем марқұм жалғыз-ақ мақтанатын:
«Құдайымның, шүкір, деп бергеніне».
Енді бірде жарқылдап жас кеудемде от,
Жұмыс таппай жүрдім мен әскерден кеп.
«Ақындармен қиын ғой істес болу...» —
деген сөзді естідім —
ескергем жоқ.
Ғашық болдым бір қызға өліп-талып,
Жүрегімді ұсындым желіп барып.
«Егер ақын болмасаң...
сүйер едім...»
деді ол маған,
жырымды көріп қалып.
Тағы бірде лапылдап жас кеудемде от,
Атақ қуып алқындым Мәскеуден кеп.
«Әттең, ақын екенсің,
әйтпегенде...»
деген сөзге сонда да дес бергем жоқ.
Тартыспай-ақ біреуді аттан жығып,
Адам болдым араннан аттап жүріп.
«Білімі бар, ойы бар, білігі бар,
Ақын... — дейді, —
әйтпесе, жақсы-ақ жігіт».
Қайтіп мынау құлықты байыпты етем?
Ақын болу соншама айып па екен?
Азабынан өзім де азар болдым,
Асықпаңдар, жақында қойып кетем.