13.06.2022
  155


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖАС АҚЫН

Маралтайға
1
Ақын болса —
несі мін,
албырт өмір сүретін,
әкімдердің есігін,
теуіп ашып кіретін?
Албасты емес
қабаққа
қарап аяқ басатын...
енгізіңдер санатқа
ең ұлы ақын — жас ақын!
2
Тұтылмас торға тұтылып,
Қарадай қаны құтырып,
Тағдырдан жүрген ұтылып,
Көрмеген жанын күтініп,
Ақын боп туса —
амал не?
Көңілі — түпсіз көнек те,
Мінезі — құйын, жел өкпе,
Түсер де қалар әлекке,
Сен одан сабыр дәметпе,
Соғып бір өткен
самал де!
Шаттығын беріп, қайғы алмай,
Бәлеге басы байланбай,
Жүрмесе Ақын сайрандай,
Әлемнің қаны айналмай,
Айналмай қаны
қалар де!





Пікір жазу