13.06.2022
  108


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЕСКЕРТКІШТЕРГЕ ЭПИТАФИЯ

Ескерткіштер құлап жатыр бұрынғы,
табындырған таспұттан жұрт түңілді?
Батырмысың, бақсымысың, бәрі бір,
қара базар қағып алар жыныңды.
Біреулердің жан-жүрегін жылатып,
бар тіршілік тұрған сынды гүл атып,
өмір-бақи тағзым етіп келгендер,
сол мүсінді жатыр енді құлатып...
Ескерткіштер орны қалды ойсырап,
қимаң оған қыншымасын, қой, шырақ,
кімге орнатсаң — соған ертең табынар,
тұлға керек жүрген жұртқа тойсырап.
Ескерткіштер ескі болса — құласын,
орнына оның, бәлкім, өзің тұрасың?
Жас ағашты отырғызу үшін де
кәрілерін қырқасың да, жұласың...





Пікір жазу