Жадыраған жаз жөнеліп, күз келді...
Жадыраған жаз жөнеліп, күз келді,
Жапырақты жел жұлып жүр мұз демді.
Жастық шақты қоямыз ба іздеуді,
Жақсы күндер оралар ма бізге енді?
Енді бізді шақырар ма бақшалар,
Тулай ма енді жүрек дейтін пәтшағар?
Сүйемін деп сыбырлар ма жапырақ,
Күйемін деп күбірлер ме ақ самал?
Алыстады қызыл-жасыл көш-керуен,
Қалыспады хош деуменен жас дәурен,
Тәттіге бір тоймай қалған баладай
Әлі, бірақ махаббатқа аш кеудем.
Ғайып болды жүректегі нұрлы жыр,
Ғайып болды шұғылалы, гүлді қыр.
Дүниеге қос қайтара келмесе
Ғашық жанға жетпейді екен бір ғұмыр.
Күстаналап, кінәламан ешкімді,
көнбіс жүрек өз кінәсін кеш білді.
көз алдыңа келтіргенмен жер-көкті,
көңіл сырын көрсете алмас еш дүрбі.
Балалықта татып қалған балдай дәм,
бұл-бұл ұшып ғайып болды таңдайдан.
құдайда да қол бар шығар,
бұйыртса...
тым болмаса бір сипайтын маңдайдан?.