13.06.2022
  102


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Сол бір әнді сен маған жырламашы...

Сол бір әнді сен маған жырламашы,
Жатыр онда махаббат мұң-наласы.
Сыздамалы сезімдер қайта оралса
Айқаспайды кірпігім түн баласы.
Сол бір әнді сен маған жырламашы,
Жатыр онда жастықтың жылнамасы.
Сөніп қалған жанартау қайта оянар,
Қайта ашылар жүректің бір жарасы.
Жырламашы сен маған сол бір әнді,
Өзге әуенге бұрашы домбыраңды.
Өткен дәурен — ұшпа бұлт, келді, кетті,
Өткен дәурен — қызған шоқ, сөнді, қалды.
Жырламашы сен маған сол бір әнді,
Ерітпеші санамнан тоң, қырауды.
Есіме алғым келмейді ескі мұңды,
Есуас боп кетсем де енді мәңгі!..





Пікір жазу