КӘУСАР
Мен өзіңді мың жыл бойы сағындым,
Мың жыл бойы жұтып келді жаным мұң.
Құс жолынан жарқ еткесін жанарың
Жұлдыздардың арасында сабылдым.
Сағынысып,
Алып-ұшып кездестік.
Іңкәр сезім толқындарын тез кештік.
Суынар ма бауыр басқан жүректер
Бір-бірінен ыстық-ыстық сөзді естіп.
Сыңар аққу іздеп тапты егізін,
Сенсің менің еркелеген теңізім.
Жағадағы жартас тектес жанымды
Жібітеді сенің ғана лебізің.
Сенсің менің шөлім қанбас кәусарым,
Көрген сайын,
сүйген сайын аңсадым.
Неткен сиқыр
менің қара шашымды
Салалап бір сипап өткен саусағың!
Алып-ұшып,
өліп-өшіп,
ғажап тым,
Көрген түстей өте шықты-ау аз-ақ күн...
Махаббатты күйіп-жанып жырлаған
Соңғы ақыны мен шығармын қазақтың.
Жаралғандай жұпар иісті жалбыздан,
Сен ерексің әлемдегі бар қыздан.
Қас қаққанша өте шығар өмірде
Жарқ еткен бір сәуле сынды жалғыз жан.
Бақытыңды жасыр мейлі,
жасырма,
Қалай іңкәр болмассың сен асылға?
Маған душар еткені үшін өзіңді
Ризамын жиырмасыншы ғасырға!