13.06.2022
169
ӘКЕ
«Жақсы өлім» деп жатыр ел,
Өлім жақсы бола ма?
Алтын төлеп, ақы бер,
Кім жүгірер молаға?
Әке, сені ойласам,
Жас толады көзіме.
Өкінемін қай-қашан,
Ет-жүрегім езіле.
Еске түсе бересің,
Қадіріңді сездіріп,
Көз алдымда — елесің,
Кеткендейсің көз қылып.
Қыстығам да, булығып,
Құс төсекке құлаймын.
Жастығымды су қылып,
Жалғыз жатып жылаймын.
«Арманы жоқ» десіп ел,
Ардақ тұтып жатса да,
Көңіл қалай көсілер,
Арманда өтер патша да.
Жетім қалып бір жаста,
Жалғыздықты көп көрдің,
Жетерліктей бір басқа
Жаһаннамды өткердің.
Қаршадайдан қан кештің,
От пен суды ес қылып,
Көрмедің-ау, жанкештім,
Бұл жалғаннан еш қызық.
Көп керек пе қазаққа,
Оң болса деп сұраймын,
Тым болмаса о жақта
Көзі саған Құдайдың!..