13.06.2022
  123


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ӘКЕММЕН СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ

Өмір өтті зымырап,
Қоштасуға шақырдың,
Бұл кездесу — түрі жат,
Әлсіз дауыс, ақырғы үн...
Кірпікті әнтек көтердің,
Көзің қайда өміршең?
«Міне, балам, әкеңнің
Шаруасы бітті...» — дедің сен.
Жасқа толы қарашық...
Қорқып болған батырсың,
Ашылмайды парашют...
Құлап келе жатырсың.
Дәрмені жоқ ұлың — зар,
Асқар тауым, кеше гөр.
Сенбес едім бұрындар:
«Тау өледі» десе егер.





Пікір жазу