13.06.2022
  135


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АЛШАҒЫР

Қырыққа келдім!..
ырыққа көнгем жоқ, бірақ!..
толқыным жатыр жартастарымды соққылап.
Шетсіз де шексіз,
астан да кестең көк дүлей
жаға барына көзі енді жетті көп құлап.
Қырыққа келдім!..
«Құрыққа ендім демеспін»,
өткендерменен,
кеткендерменен теңестім.
Қызыл да жасыл құлпырған бояу — көбі өшкін,
жоғалды көбі жайнаған ерке елестің.
Қырыққа келдім.
Тұлыпқа енді мөңіреп,
тұлан тұтардай тұмандар ма екен төңірек?
Шоқ шайнап сүйген,
от бүркіп күйген бұл ауыз
мұз жесе де енді үрлейтін шығар көбірек?
Қырыққа толдым...
ғұрыпқа қондым қоңсы боп,
ғұмырмен бүгін арада жүрген елші көп.
Құрдымы тылсым,
тұңғиық, түпсіз Дүние
жұмбағын жаңа ашқандай маған «көрші» деп.
Қырықтан астым!
құрықтан қаштым сонша жыл,
олай да шапты,
былай да шапты Алшағыр.
Алшағыр атқа тимесе дағы қамшы ауыр,
жыртық жүрекке
кірпіктен аққан тамшы ауыр!..





Пікір жазу