13.06.2022
  79


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАҚПА

Бас сұғып біреу жүрегімдегі қақпама,
сыдырта қарап сақтана,
ұқсамаған соң мақтаға,
ұқсатар қара тақтаға.
«Өлеңнен болып өлесі,
өмірем қауып дәмесі,
кетіпті суға кемесі,
несі бар дейсің бересі?» —
деп біреу долбар айтады,
қарағандай боп қайтады,
қаңырап қалған шахтаға.
Мың жырлап мұңлық-зарлықты,
шанағым, мүмкін, қарлықты?
тағдырдан көріп тарлықты
шабытым, бәлкім, шалдықты?
ойымда орман орам бар,
жанымда жартас жарам бар,
тұңғиық түпсіз тобам бар,
оны да келіп тонаңдар,
қазынамды алып, қойныма
көмгісі келген жарандар,
ядролық қалдықты!
Бұра алмай мойнын көлге бір,
аққуым неге шөлде жүр?
ергенек болып елге жыр
пұшайман жеген пенде бұл.
Құдайдың көңілін қалдырмас,
қурайдың мейірін қандырмас,
құмайға қылау шалдырмас,
былайға сырын алдырмас,
Күн, Аймен ғана тағдырлас
мен де бір — Қара Жер де бір!
Есебіңді айыр енді, Өмір!..





Пікір жазу