13.06.2022
105
ЖАРАТҚАН
О, жаратқан,
сен ақынсың мен білсем,
бар әлемді ұйқастырып бердің сен,
шүкір Алла,
таң келеді сібірлеп,
қайтер едік мәңгі түнді төндірсең?!.
Тіршілікті бар әлемге таратқан,
ең ұлы ақын сен боларсың,
жаратқан,
жұлдыз толы жырларыңды жаттаймын
Ғалам деген,
Ғарыш деген парақтан.
Бар әлемді үйлестірген бір өзің,
күн кештірген,
тілдестірген бір өзің,
ұйқаспаса жақсылық пен жамандық
ол да сенің ақынға тән мінезің!
Өмір деген тұнып тұрған заңдылық,
бәрі орнында:
жер-көк,
адам,
мал-мүлік,
ғашықтығың көрініп тұр,
жаратқан,
сүю деген шын ақынға тән ғұрып.
Баққа бұрған бар тірліктің күймесін,
балталасаң бұзылмайтын үйлесім,
өзің берген өмірге біз өкпе артпай,
өзің құсап сүйсек етті сүйгесін...