13.06.2022
  143


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БҰЗЫЛҒАН УАҚЫТ

Сүйіктіммен кездесуге кешіктім,
өкпесін де,
өзгесін де есіттім,
«Сағат бұзық, бұзық сағат...» — дей бердім,
тұтқасынан қолымды алмай есіктің.
Жетіп келсем алқын-жұлқын жұмысқа,
Бастық сөкті:
«Кешіккенің дұрыс па?»
«Сағат бұзық, бұзық сағат!...» — дей бердім,
сағатыма ұрыссыншы деп ұрысса.
Құрлықтар мен құрлықтардың арасын
Жалғаған жол,
Қайда заулап барасың?
Жыланның да тілін тапқан заманда,
Тек уақытпен таба алмадық жарасым...
Уақытқа да бас иместей
Шіренген,
Кейпімде бір ғажап ғұмыр сүрер ме ем?! —
Сағатыма қарамаймын,
өйткені
Жүрегімнің уақытымен жүрем мен.





Пікір жазу