13.06.2022
100
БІЗ ӨТКЕНДЕ...
Біз өткенде жылама да жоқтама,
«Ақын еді!» — десең, — жетер жоқ баға.
Күнәмізді құдай өзі кешірер,
Кешпей жатса ара түсіп,
ақтама.
Бөлеу артық үлде менен бүлдеге,
Керегі жоқ көміп аза гүлге де.
«Ақын еді!» — дей сал,
айтсаң бірдеңе,
Одан жылы сөз таппассың — үндеме.
Кетері бар
Келді деме несіне,
Көк аспаннан көп іздеме тесіле.
Жылама да, жоқтама да, ойлама...
Өзіміз-ақ түсерміз біз есіңе.
Зар емеспіз заңғар биік мүсінге,
Жыр оқысақ жарар кейде түсіңде.
Жылау,
жоқтау,
еске алу да,
бәрі бар
«Ақын еді!» — деген сөздің ішінде.