13.06.2022
  120


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АУКЦИОНДАҒЫ ҚАЛАМ

Бір мырза сатып алды хан қаламын...
...Мен қазір жыр жазбаймын,
жан бағамын,
Музаны тоқалындай жұмсайтұғын
Мандытқыш кей ақынға таңқаламын.
Өліара —
заманы екен өлерменнің.
Қаздым да жүрегімді,
Өлең көмдім,
Жамырап болған болса жарымес қиял,
Қайырып қозы-лақтай көгендермін.
Сұрайды ел:
«Жазбайсың деп өлең неге?»
Жырлауға ит-тірлікті көнер деме.
Қонбай ұш қара жерге,
қайран муза,
Қанатың кірлеп қалар — төмендеме.
Шайырмын,
Дала — мұңым,
Отан — қайғым,
Шындықтың шөлейтіне сапарлаймын,
Ешқашан өлең жазбай кетсем дағы
Ешкімге қаламымды сата алмаймын.
Кешсем де күндерімді қапалықпен,
Өшсем де өз ойыма маталып мен,
Шалшыққа қона көрме,
аққу-муза,
Батпағын жырлай берсін бақа біткен.





Пікір жазу