13.06.2022
  104


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Келсе де тағдырыммен ерегескім...

Келсе де тағдырыммен ерегескім,
Толғатқан бұл жырларды мен емеспін!
Отыр ғой ой-жүйемді
Біреу билеп,
Дегендей:
«Өз жолыңды неге кестің?»
Тұрса да алдан торып қауіп-қатер,
Жүйрігім мойнын бұрмай шауып кетер.
Жұрт айтар:
«Өзі жұтты өз басын, деп,
Мезгілсіз шақырғандай тауық бекер».
Заманның ағымына қарсыластым,
Аямай қайратыма қамшы бастым.
Ешкімнің алдында мен ақталам деп,
Жанымды жұмыртқадай аршымаспын.





Пікір жазу