13.06.2022
122
ЖЕЛҚАЙЫҚ
Ертеңім не сыйлайды?
Мен білмеймін...
Әйтеуір келсе игі еді төндірмей мұң.
Мүшелге
мәймөңке сөз айта ма деп,
Аузына балгердің де телмірмеймін.
Көрермін не көрсем де пешенемнен,
Ағамнан артықпын ба кешегі өлген?
Ғұмырын ақындардың кім ұзартар
Шылымдай шырпы жоқта өше берген.
Аһ ұрып, қайғырдың не,
Қамықтың не?
Тіршілік ұмтылмай ма жарық күнге?
Жатқандай желқайықта тербелемін
Түсіме кірген кезде табыт түнде.
Бұл күнде өмір арзан,
Көңіл қымбат,
Шарқатып шаттық кетті жеңіл бұлғап.
Алар ма енді мені құшағына
Қыз ерін,
Қолаң шашты көгілдір бақ?
Қиялға қайран жүрек тояттасын,
Өмірім
өз өлеңін аяқтасын.
Тербеліп желқайықта жатқанымда
Теңіздің толқындары оятпасын!..