13.06.2022
  145


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ДҮЛЕЙ ҒАСЫР

Дүлей ғасырмен сүрген ғұмырым ертектей,
долы қатынмен отасып келген еркектей,
етекте жүрдім
етімді итке жұлғызып,
басқалар тауға шығып жатқанда тер төкпей.
Құдықта тұрып таңдайы кепкен Танталмын,
иесі едім ғой
илеуде қалған қаңқамның,
тербелген менмін мойныммен теуіп әткеншек,
күретамырға батқанын сезбей арқанның.
Ажалдың өзін
қақпайлап жегіп қамытқа,
даламды түгел айналдырғанмын табытқа,
ақырзаманға әкетпейін деп өзіммен,
бар қазынамды таратқам ерте жарықта.
Шетсіз де шексіз жеріме сыймай қаңғырдым,
аямай қарғап Алланы да естен тандырдым,
еркіндік іздеп еркіме кетпес үшін мен,
мешітті бұзып,
өзіме түрме салдырдым.
Көбейіп кетсем тиер деп жұртқа кесірім,
отын ғып жақтым болашағымның бесігін,
өз бетімді өзім шиедей тырнап қанатып,
өкінген болдым
өзгеден сұрап кешірім.
Өзім отырған бұтақты шапқан өз қолым,
бір бірін шұқып,
ноғала түскен көздерім,
жүгірмегі боп жыртысын жыртып өзгенің,
дәстүр мен дінім жоғалғанын да сезбедім.
Күн туса басқа жәрдемі болар жым-жылас,
көлеңкелермен достығым менің бұлжымас,
сан озып шықтым мәңгүрттер түскен сайыста,
жеті ата білмес жетесіз десе,
бұл да рас.
Ұрпағыма енші
мендегі барлық сорлылық,
Семейім — анау,
әлі де мың сан бомбылық,
айналар еді Аралдан үлкен теңізге,
ағарып кеткен қанымды құйса көл қылып.
Жаяумын демен
жарысам десе бәске кім,
Байқоңырымнан бәйгеге шабар мәстегім,
Кедеймін демен,
қайғыға баймын қашан да,
жұмыссыздардан құрылған қалың әскерім.
Барсакелместен
бабамның таппай дерегін,
Аралда емес арақта жүзген кемемін,
болашақ ұрпақ түкірді менің бетіме,
сүртетін соны орамал іздеп келемін...
Жаралы жүрек,
жартыкеш тесік өкпемен,
жасыған көңіл,
ашыған миға от берем,
дүлей ғасырды, үрей ғасырды талақ қып,
сүлей ғасырмен салтанат құрсам деп келем!..





Пікір жазу