13.06.2022
  126


Автор: Ұлықбек Есдәулет

МӘҢГҮРТТІҢ СӨЗІ

Ақын Павел Васильевке
Парасат, білім жағынан толысқандаймын,
Павел, мен бүгін өзіңдей орысқа айналдым.
Көгілдір көзді қыздарға қырғидай тиіп,
«Ой, морозды» айттым төрінде қоныс тойлардың.
Темекі тарттым сен құсап,
Арақ та іштім,
Айықтыратын ақ төсек абаққа түстім.
Төбелес десе дәл сендей делебем қозып,
Біреудің жағын бұзғанша тағат тауыстым.
Көкнәрді алсам ширатып зәуіде қолға,
Жындының қалар ере алмай бәрі де жолда.
Орыстан да озып кеткенмін бұзықтық десе
Жарысамын деп менімен әуре болма.
Бұл қазақ деген ұлт емес дүрмек пе дедім,
Тілі мен салтын несіне құрметтеп едің?
Малғұн ғой бәрі малменен мал болып кеткен,
Сорлы боп сондай ұрпағым жүрмек пе менің?
«Қазақсың!» десе біреулер,
Намыстанамын,
Аз ұлтқа мол жер не керек?
Қалыс қаламын...
Мәдениетсіз, миғұла мешеулерді сен
Мадақтап сонша дедің бе табыс табамын?
Өздерін тіпті өздері басқара да алмай,
Моңғолдан қойған хандарын!
Масқара қандай!?
Кеңестің ғана тұсында көздерін ашып,
Верныйға келіп жармасқан астана болмай.
Бақырған ән мен домбыра, еңіреген күй,
Тыңдасаң ашып кетпей ме оныменен ми?
Қазақтан шыққан жалғыз-ақ
Данышпан бопты,
Наркоман бопты өзімдей, «современный».
Қазақтың бәрі шетінен орысқа айналса,
Қырылмас еді аштық пен соғыстан да онша.
Павел, мен саған берер ем «Ой, морозды» айтып,
Сен туған сонау Зайсанда қоныс той болса...





Пікір жазу