13.06.2022
  129


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАРА БАЗАР. ДОМБЫРА САТУШЫНЫҢ ЖЫРЫ

Өткен шығар,
кеткен шығар заманым,
біткен шығар ақылым мен амалым,
тағдыр,
«мені қай тұйыққа қамадың,
қай қияда,
қай қиырда қаламын?
Меңіреу жұрт...
о мәссаған, безгелдек!
«әр Мұсаға бір перғауын кез келмек»...
көңілдердің таразысын тот басты,
күндіз-түні арамдықты безбендеп.
«Ым менен жым жең ұшынан жалғасқан,
сұм дүние бір-бірімен арбасқан,
көсемдердің қабақтарын қар басқан,
шешендердің шудаларын шаң басқан,
құсы құлап, қаңырап бір қалды аспан!
Ақындардың жүрегінен қан қашқан,
пақырлардың қалтыраған қолдары,
Жаратқанның жағасына жармасқан.
Біреуді бай,
біреулерді кедей қып,
шекесінен шертіп отыр шенеунік,
көз жасымен асырайды бір бірін
егіз туған жетімдік пен өгейлік.
Пенде біткен күнәсынан арылмай
бұл дүние кеңейе ме тарылмай?
...Дәтің неткен берік еді,
Домбыра,
мұнша зардан қалай қалдың жарылмай?!.





Пікір жазу